«Түркістан» ӘКК» АҚ-да (бұдан әрі-Қоғам) Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары мен Қоғамның Басқарма Төрайымының кездесуі өтіп, кездесу барысында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Басқарма төрайымы Айгүл Ахмеджанова Агенттік өкілін Қоғамның ірі инвестициялық жобаларымен таныстырып, инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыру аясында қажет болатын жұмыстың айқындылық деңгейін арттыру жөніндегі бастаманы қолдағаны үшін алғысын білдірді.
Өз кезегінде Агенттік басшысының орынбасары Сәмет Нұрдәулет заңнамаға енгізілген бірқатар жаңашылдықтар туралы айтып, жылдан жылға сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес шараларына басымдылық берілетінін атап өтті.
2021 жылдан бастап Қоғам мен Агенттік арасында сыбайлас жемқорлық қаупіне қарсы іс-қимыл, бюрократиялық тосқауылдардың алдын алу және инвестициялар үшін қолайлы ахуал жасау бойынша тығыз бірлескен жұмыс жүргізіп келеді. Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының жаңа тұжырымдамасына негізделген ынтымақтастық туралы жаңа меморандумға қол қойылды.
Жаңа меморандум шеңберінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру, Қоғам қызметкерлерін оқыту және бизнесті консультациялық қолдау көзделген.