city

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) - бұл тауарлар мен қызметтерді өндіруден және сатудан пайда алу мақсатында өз қызметін жүзеге асыратын тұрақты бизнес-құрылымдар болып табылады. ӘКК-нің коммерциялық корпорациялардан негізгі айырмашылығы, алынған пайда ӘКК құрылған өңір халқының мүддесі үшін әлеуметтік - экономикалық немесе мәдени мақсаттарын іске асыру үшін қайта инвестициялау мақсатында қызмет жасайды (Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауынан, 2006 жылғы наурыз).

«Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысының) әлеуметтік - экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2011 жылғы 20 шілдедегі № 170 Қаулысына сәйкес мемлекеттің жүз пайыз қатысуымен құрылды.

2011 жылғы 26 шілдеде «Шымкент» ӘКК» ҰК» акционерлік қоғамы құрылды.

«Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік, индустриялық - инновациялық даму және туризм басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2017 жылғы 7 сәуірдегі №17н/қ бұйрығы және «Оңтүстік Қазақстан облысының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2017 жылғы 14 наурыздағы №14-11-06/746 хаты негізінде «Шымкент» ӘКК» ҰК» акционерлік қоғамының Жарғысына, қоғамның адресі және қызметінің түрлері бөйынша өзгерістер енгізілген болатын.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 шілдедегі Жарлығына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып атауын өзгертті және облыс орталығы болып Түркістан қаласы анықталды. Шымкент қаласына мемлекеттік маңызы бар қала ретінде статус берілгендіктен, «Шымкент» ӘКК» ҰК» акционерлік қоғамының атауы «Түркістан» ӘКК» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қоғам) болып өзгертілді. Осыған сәйкес, 2018 жылдың 17 қыркүйектегі №46н/қ Қоғам жалғыз акционерінің бұйрығы негізінде Қоғам Жарғысына қажетті өзгерістер енгізілді.

Біздің миссиямыз – мемлекет пен бизнес серіктестігі қағидаттарында Түркістан облысын әлеуметтік - экономикалық дамытуға жәрдемдесу.

«Түркістан» ӘКК» АҚ қызметінің басты қағидаттары - тиімділік, бәсекеге қабілеттілік, инвестициялық тартымдылық, акционерлер мен серіктестердің мүдделерін теңгерімді сақтау.

Қызмет түрлері

  • Кластерлік тәсіл негізінде бірыңғай экономикалық нарық құру;
  • Инвестициялар мен инновацияларды тарту үшін қолайлы экономикалық орта қалыптастыру;
  • Инвестициялық жобаларды әзірлеуге және іске асыруға қатысу;
  • Әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға қатысу;
  • Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен пайдалы қазбалардың түрлері мен қорлары көлемінің тізбесінде айқындалған пайдалы қазбаларды, оның ішінде кең таралған қазбаларды барлау, өндіру, қайта өңдеу;
  • Мемлекеттік меншік активтерінің бір бөлігін, жерді қоғамның меншігіне беру бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау;
  • Қоғамның жарияланған акцияларын төлеуге мемлекет берген ұйымды оңалту және қайта құрылымдау жөніндегі жобаларды әзірлеу және іске асыру немесе олардың негізінде жаңа өндірістер құру;
  • Бизнес-жобаларды, оның ішінде концессия және кластерлік бастама негізінде іске асыру;
  • Шағын және орта бизнесті дамыту үшін институционалдық жағдайлар жасау;
  • Мемлекеттік - жеке меншік әріптестік негізінде бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдарланған өндірістерді құру;
  • Инвестициялық, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру;
  • Агроөнеркәсіптік кешендегі қызмет;
  • Қоғам құру мақсаттарына қайшы келмейтін өзге де қызмет.