city

Өткен демалыс күндері Түркістан қаласында «Түркістан» ӘКК» АҚ,  «ОНТҮСТІК» АИО және «Ырыс» МҚҰ ЖШС ұйымдастыруымен азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі өтті.

5 маусым күні «Алтын Бұлақ» базарының аумағында өткен жәрмеңкеде ӘКК тұрақтандыру қоры мен 10 өңірлік шаруашылық өз өнімдерін ұсынды. Барлық өнімдер қолжетімді, нарық бағасынан 20-40% төмен бағамен сатылды. Жәрмеңке кезінде 10 тоннадан астам тауар сатылды. Тұрақтандыру қорының қоймаларынан жәрмеңкеге картоп (89 теңге), пияз (56 теңге), сәбіз (76 теңге), қант (205 теңге), күріш (245 теңге), макарон (186 теңге) және тұз (43 теңге) ұсынылды.

Өз кезегінде Арыс қаласы мен Бәйдібек ауылының «ОНТҮСТІК» АИО және «Ырыс» МҚҰ ЖШС серіктестері қой етін 1942 теңгеден саудалады. Ал, Сарығаш қаласының өндірушілері қызанақтың келісін 450 теңгеден және жұмыртқаның данасын 28 теңгеден сатты. Сонымен қатар Сайрамдықтар жаңа піскен картопты 140 теңгеден, пиязды 76 теңгеден босатты. Ордабасы ауданы мен Кентау қаласының фермерлері 140 теңгеден қияр мен 400 теңгеден болгар бұрышын ұсынды.

Жәрмеңкеге келушілер сапалы азық-түлік тауарларын қолжетімді бағамен ұсынғаны үшін алғыстарын білдірді. «Түркістан» ӘКК тұрақтандыру қоры өз кезегінде осындай жәрмеңкелерді тұрақты негізде өткізу жоспарлары туралы хабарлайды.