Мамыр айының басында су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының тұрғындары жаңа үйлерінің кілттерін алды.
Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы Мырзакент ауылында 2020 жылдың мамыр айында су тасқынынан туындаған төтенше жағдайдың салдарын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Зардап шеккен ауылдардың 386 отбасы жаңа үйлердің иесі атанып, қоныс тойын тойлады.
Қоныс иелерінің қуанышымен бөлісу үшін Мақтаарал ауданына арнайы Премьер-министрдің орынбасары Р.Скляр, Өзбекстан Республикасының су шаруашылығы министрі Ш.Хамраев және Түркістан облысының әкімі келді. Өз сөзінде облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы мақтааралдықтарды құттықтап, игі тілегін жеткізді.
Сондай-ақ, «Түркістан» ӘКК» АҚ, «Birgemiz-Turkistan» Корпоративтік қоры және «Б.Өтемұратов Қоры» жеке қорымен бірлесіп, Мақтаарал ауданының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындары үшін Мырзакент аулында 182 тұрғын үй салу жобасы іске асырылды. Жаңа шағын ауданның барлық үйлері бірдей: үш бөлмелі, жалпы ауданы 100 ш.м. құрайды. Әр үйдің сыртқы және ішкі әрлеуі бойынша жөндеу жұмыстары аяқталып, санитарлық торап, су жылытқыштар орнатылып, газбен жылыту құрал жабдықтары орнатылды. 70 гектар жерде орналасқан жаңа қалашықта жаңа үйлер тұрғызылып, барлық инженерлік инфрақұрылым жүргізілді. Қазіргі таңда, жаңа мөлтек ауданда 1200 орынды мектеп пен бала-бақша және дәрігерлік амбулатория салынуда.