city

Түркістан облысына «Air Astana» әуекомпаниясының президенті Питер Фостердің кеңесшісі Ержан Рахметов бастаған топ жұмыс сапарымен келді. Өңір басшысының бірінші орынбасары Қайрат Нүкеновтың қабылдауында болған меймандар облысымызда бой көтеретін жаңа әуежайдың жобалауы және лоукостер (қаржы әуекомпаниясын) құру бойынша ойларын ортаға салды.

«Air Astana» базасындағы «Fly Arystan» бюджеттік әуекомпаниясының өкілі Берік Абдрахмановтың айтуынша, жолаушылар үшін билет құны аса маңызды болып табылады.
- Егер келіссөздер сәтті аяқталып жатса, біздің компанияның ұшақтары әуе тасымалымен айналысуға дайын. Біздің ұшақтар жақын сапарға шыққандар үшін аса үнемді. Себебі, билет бағасы нарықтағы құнынан әлдақайда арзан болады. Түркістан қаласында офисымыз ашылса, көрші елдерге Астана, Шымкент, Алматы арқылы емес, осы жақтағы ұшақпен 1-2 сағатта жетуге болады, - деді Берік Абдрахманов.

Өз кезегінде «Түркістан» ӘКК» басқарма төрағасы Айтмұхаммед Алдажаров әуежай орналасатын жер учаскесі бекітіліп, таңдау кезінде инженерлі-геологиялық, климаттық жағдайлардың ескерілгенін атап өтті. Жоба 2021 жылға дейін мемлекеттік жеке серіктестік аясында жүзеге асады. Қазіргі таңда жобалау жұмыстары аяқталуға жақын.

«Air Astana» әуекомпаниясы президентінің кеңесшісі Ержан Рахметов жобалау кезіндегі консультациялық көмек көрсету үшін шет елдік мамандарын жіберуге әзір екендігін жеткізді. Қос тарап өкілдері алдағы уақытта бірлесе жұмыс атқаратын болады.

Айта кетейік, 2019 жылы «Air Astana» Елбасы тапсырмасы бойынша «Fly Arystan» қолжетімді әуе компаниясын іске қосты. Жаңа әуе компаниясы Easyjet, Indigo, Cebu Pacific, Air Asia халықаралық лоукостерлерінің үлгісі бойынша арзан модельде жұмыс істейді.