«Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының негізгі міндеті – өңірге инвестиция тарту. Бұдан бөлек, кәсіпкерлікті қолдау, бизнес-жобаларды сүйемелдеу, тұрақтандыру қорын жасақтау сынды міндеттері бар.
Корпорация кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 2018 жылдың наурызынан 2020 жылдың қазан айына дейін инвестициялық жобаларды іске асыру аясында инвесторларға жылдық сыйақы мөлшерлемесі 0,01 пайыздан 14 пайызға жалпы сомасы 6 миллиард теңгеге дейін несие берген. Алайда, облыстық прокуратура Түркістан облысы бойынша бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментіне ұсыныс жолдап, келісілмеген қызмет түрін көрсеткені үшін «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын тексеруді сұраған. Олардың айтуынша, корпорация жарғысында кәсіпкерлерге несие беру бойынша қызмет көрсету көзделмеген. Осыдан кейін аталмыш департамент «Кәсіпкерлік туралы» кодексті басшылыққа ала отырып, корпорацияға несие беру қызметіне қатысты заң бұзушылықтар мен олардың салдарын жою туралы нұсқама жолдайды. Алайда, корпорация бұл талаппен келіспей, облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына нұсқаманың күшін жою және заңсыз деп тану туралы әкімшілік талап-арыз түсіреді.
2022 жылдың 22 қыркүйек күнгі сот отырысында корпорацияның әкімшілік талап-арызын
ішінара қанағаттандыру туралы соттың шешімі шығады. Онда несиенің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетігін іске асыру үшін берілген бөлігі ғана жарамсыз деп танылады. Алайда, корпорация соттың бұл шешімімен келіспей, облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағым түсіреді. Сот алқасының 2023 жылғы 27 ақпандағы қаулысымен ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің нұсқамасы, яғни монополияға қарсы органмен келісілген қарыз беру талабы заңсыз деп танылып, күші жойылды. Осылайша корпорацияның инвестициялық жобаларды іске асыру аясында әрі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында жасалған бұрынғы іс-әрекеттерінің барлығы заңды деп танылды.